Республикалық адвокаттар алқасының заң көмегін алуға конституциялық құқықтардың сақталуы туралы мәлімдемесі

Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстанның барлық азаматтарына, әсіресе біздің елге жасалған террористік шабуыл кезінде қаза тапқан адамдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

             Қазақстанның адвокатурасы мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адам құқықтарын іске асыруда жәрдемдесуді мақсат етеді. Азаматтар құқықтарын шектеу және қалыптасқан жағдайда адвокаттарға өз кәсіби қызметін іске асыруға кедергі келтіру нәтижесінде елдегі ахуал ушыға түседі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 05 қаңтардағы Жарлығына сәйкес төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты еліміздің бірқатар өңірінде ереуілге шыққан азаматтар уақытша ұстау изоляторларына қамалды. Республикалық адвокаттар алқасына ел адвокаттарынан келіп түсіп жатқан ақпарат бойынша, қорғаушылар қамаудағы өз қорғалушыларына жіберілмеуде.

Тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдай кезінде орын алатын құқық бұзушылықтардың саны төмендемейді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары ұсталғандарға заң көмегін, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін беруде конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында адвокаттарды жұмылдыруға міндетті.

Төтенше жағдайды енгізудің мақсаты оны енгізуге негіз болған мән-жайларды жою, адамның және азаматтың қауіпсіздігін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету.

Республикалық адвокаттар алқасы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан терроризмге қарсы операцияларды қолдай отырып, қамауға алынған азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударады және төтенше жағдай кезеңінде күштік құрылымдардан адвокаттарға өз клиенттеріне дер кезінде заң көмегін көрсету үшін рұқсат беру жөнінде ерекше тәртіп орнатуды сұрайды.

Азаматтардың қауіпсіздігіне құқығы, сондай-ақ адвокаттардан білікті заң көмегін алу құқығы ұсталғандардың ажырамас, іргелі және конституциялық құқықтары екендігін ескеру қажет. Сол себепті құқық қорғау органдарынан қамауға алынған азаматтардың уақытылы заң көмегін алу құқықтарын қамтамасыз етуді және төтенше жағдай кезеңінде адвокаттық қызметтің кепілдіктерін толық көлемде сақтауды сұраймыз.

О Pressa

Пресс-секретарь Республиканской коллегии адвокатов

Добавить комментарий: